Әлхамдулилла, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Халқымыз дербестікпен бірге дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда
жаңғырды. Мұның барлығы Қазақ елінің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан
айнымағандығын білдіреді.
Енді ұлт жадынан ұмытыла бастаған имани құндылықтарды қайта жандандырудың реті келді.
Бұл тұрғыда біз қазақ қоғамына тыңнан жаңа дүние әкеліп жапсырып жатқан жоқпыз. Бар болғаны кезінде баһадүр бабаларымыз салып кеткен, кейіннен көмескі тарта бастаған соқпақтың сүлдерін тауып, соны қайтадан сара жолға айналдыруға тырысудамыз. Мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа,
Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған
Дін мен дәстүр - Алматы: «Ғибрат» баспа үйі, 2013