Мұхаммед алейһиссалам пайғамбар - Аллаһу та’аланың елшiсi әрi пайғамбарлардың ең мәртебелiсi және соңғысы. Әкесiнiң аты Абдуллаһ милади жыл санауымен 571 ж. сәуiр айының 20 күнiне сәйкес келетiн 12 рабиал-әууалда дүйсенбi күнi түнде Меккеде дүниеге келдi. Әкесi ол тумай тұрып қайтыс болған едi. Алты жасында анасы, сегiз жасында атасынан айрылды. Кейiн әкесінің інісі Әбу Талибтың қолында өстi. 25 жасында Хадишаға (Хадижат-ул Кубра) үйлендi. Одан төрт қыз, екi ұлы болды. Алғашқы ұлының аты Қасым едi. Сондықтан халық арасында Әбул Қасым деп те аталды. Қырық жасында Аллаһу та’ала тарапынан барлық адамзат пен жындарға Пайғамбар екендiгi бiлдiрілді.
Үш жылдан кейiн жалпы халықты ашық түрде имандылыққа шақыра бастады. Елу екi жасында бiр түнде Меккеден Кұдысқа (Ирусалим) және ол жерден көкке көтерiлдi. Бұл сапарына “Миғраж” деліндi. Миғражда жәннат пен тозақты және Аллаһу та’аланы көрдi. Осы түнде бес уақыт намаз парыз болды. Тарихшылардың айтуына қарағанда Милади 622 жылы Аллаһтың әмiрiмен Меккеден Мадинаға көштi. Бұл көшке “Хижрет” делінді. Мәдина қаласының жанындағы Қуба ауылына келгендегi Рабиал-әууал айының сегiзi дүйсенбi күні, милади жыл санауы бойынша қыркүйек айының жиырмасыншы жұлдызына сәйкес келедi. Осы күннен бастап Хижри шәмси жыл санауы басталды. Мұсылмандардың Хижри қамари жылы сол жылдың мухаррам айынан басталып, айдың жердi он екi рет айналуы бiр қамари жыл болып есептеледi. Хижри 11 (милади 632 ж.) Рабиал әууал айының он екiсi дүйсенбi күнi түскi уақыттан бұрын қайтыс болды. Денесі қайтыс болған бөлмесiне жерлендi. Қайтыс болған кезiнде қамари жыл санауымен 63, шәмси жыл санаумен 61 жаста едi.