Намаз - Аллаһ пен құл арасындағы байланыс негізі.
Бес уақыт намазды орнымен оқып, үлкен күнә жасамаған адамның кіші күнәлары кешірілетіні жайлы аяттар мен хадистер бар.
Құранда былай дейді: «(Ей, Мұхаммед), саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында.
Күдіксіз, намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды» (Анкибут, 29/45).
Хазіреті Пайғамбарымыз сахабаларға: «Сендердің араларыңнан бір адамның есігінің алдында өзен ағып, ол сол өзенге күніне бес рет шомылса, сол адамда кір қалатын ба еді?» - деп сұрағанда сахабалар: «Жоқ қалмайды», - деп жауап қайырады. Сонда Аллаһ Елшісі :«Бес уақыт намазда да, судың кірді тазалайтынындай күнәларды тазалайды» деді (Бұхари, Мәуақит, 6; Муслим, Масажид, 283;Тирмизи, Әюәд, 80,90; Насаи, салат, 7.).
Басқа бір хадисте былай дейді: «Үлкен күнә жасамаған адамды бес уақыт намазы мен жұма намазы, келесі жұмаға дейінгі жасаған күнәларынан арылтады» (Муслим,Таһарат, 14-15, Тирмизи, Мәуақит, 46; Ибн Мажә, Таһарат, 79, 106). Ақыретте адам баласы есепке тартылғанда, ең алдымен намаз сұралады. Пайғамбарымыз былай дейді: «Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылатын амалы мен іс-әрекеті - намаз». Ұлы Раббымыз хабардар бола тұра періштелеріне былай дейді: «Құлымның парыз намазына қараңдар. Оны толық орындаған ба, кемістігі бар ма»? Егер оның парыз намаздары толық болса, намаз сауабы толықтай жазылады.
Егер парыз намаздарында нұқсандық болса, Аллаһ Тағала былай дейді: «Құлым нәпіл (сүннет) намаздарын толық оқыған ба екен?» Егер ол сүннет намаздарын толық оқыған болса, Аллаһ Тағала «Құлымның нұқсан парыз намаздарын нәпілдермен толтырыңдар», - дейді.